Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі туралы

24 August 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, шет елдердің озық тәжірибесін ескере отырып, прокуратура органдарына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кадрларды іріктеу мен даярлаудың бірыңғай тәсілін әзірледі.

Бұрын әрбір орган (прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі) қызметке кіру үшін кадр резервін дербес қалыптастырды (конкурс, резервке қабылдау, кандидаттарды іріктеу, қызметке қабылдау, кадрларды орналастыру).

Қазір заңнамадағы өзгерістерге сәйкес («Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 11-бабы) құқық қорғау қызметіне кірудің міндетті шарты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында (бұдан әрі - Академия) бастапқы кәсіптік даярлықтан (бұдан әрі - кәсіптік даярлық) өту болады.

Академияға түсу үшін жоғары білімнің болуы, моральдық-психологиялық, медициналық талаптарға сәйкестігі, әшкерелейтін мәліметтердің болмауы қажет.

Іріктеудің негізгі кезеңдері: тестілеу, әңгімелесу, медициналық және психофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеу және емтихан тапсыру.

Академияда прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ЭТҚ органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына алғаш рет түсетін адамдар оқи алады.

Оқу екі кезеңнен тұрады: Академияда оқу және құқық қорғау органдарының бөлімшелерінде тағылымдама.

Прокуратура органдарына кандидаттарды кәсіби даярлау мерзімі 1 жылды (6 ай оқу және 6 ай тағылымдама), сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және ЭТҚ кандидаттары үшін 6 айды (5 ай оқу және 1 ай тағылымдама) құрайды.

Академияда оқуға профессорлық-оқытушылық құрамнан басқа қолданыстағы практиктер, шетелдік сарапшылар, құқық қорғау органдарының ардагерлері тартылатын болады.

Оқу кезінде білім алушылар ай сайынғы стипендиямен, тамақпен және тұрғын-жаймен қамтамасыз етіледі.

Оқуды сәтті аяқтағанда бір мезгілде бірінші сыныптық шен немесе біліктілік сыныбы беріле отырып, сынақ мерзімінсіз лауазымға тағайындалады.

Азаматтар алғашқы кәсіби даярлыққа іріктеу тәртібімен Кадрлық дамыту басқармасы бастығының орынбасарының сұхбатында (https://www.youtube.com/watch?v=Zk-PJV3gxfA) және Бас прокуратураның ведомстволық сайтында (http://prokuror.gov.kz/rus/kadrovayasluzhba/normativnye-pravovye-akty) толығырақ таныса алады.               

Кәсіптік даярлыққа іріктеудің басталу мерзімі 2020 жылғы                           24 тамыздан 24 қыркүйекке дейін.

 

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі